«Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Қызылтаң ауылының жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа села Кызылтан отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области»

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.

12.10.2021

Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.

Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жандар.  «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  демекші, ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.

Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған.

Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым»,- деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.

Ұстаз кім?      Ұстаз– жан- жақты білімді болумен қатар әрбір баланың өміріне терең із қалдыратын адам болуы керек.

Ол-жас шәкірттің жүрегіне жол табушы, білім нәрін себуші десек аз болады. Балаң шәкірт-келешек ұрпақ. Бұл-ұстазға жауапкершілік.

Бүгінгі таңда еліміздің егеменділігін, тәуелсіз Қазақстанды үлкен өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, сол мектептің басты тұлғасы-ұстаз. Баланың адам болып қалыптасуында ұстаздың алар орны  бөлек. Ұстаздық жол – қиындығымен қызығы қатар жүретін  ерекше мамандық. Қиындықты жеңе біліп, жауапкершілікті көтере білу кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Олай болатын себебі, алдына келген жас жеткіншек баланың  білімін, ой -танымын, өмірлік көзқарасын, қала берді алдағы өміріне мақсатына жол сілтеуші.Сол  себепті  барынша асыл қасиет, мол білім, тапқырлық, еңбекқорлық, ізденімпаздық, өнер – бәрі-бәрі  бір ұстаз бойынан табылуы шарт.

Сондай мерейлі жанның бірі – ұстазымыз,  ақылшы  әкемізге айналған, жүрегінің жылуын шәкірті үшін төккен кемеңгер жан Серік Қажантайұлы..

Өнегелі жанның жүріп өткен сара жолына әркімнің де ризашылықпен, қызыға қарары сөзсіз. Асылы­, өз кәсібін, өмірлік арнасын адаспай, анық тапқан адамдардың ғұмыр  шежіресі қашанда мағыналы, кейінгіге үлгі-өнеге.Ұстаз деген  осынау қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, Қазақ елінің болашағы да жарқын ,келешегіміз кемел болары сөзсіз .

Иә,36 жылдан астам еңбек өтілін мектеп қабырғасында өткізіп, оның 25 жылын мектеп ұжымын басқаруға арнағаннағыз ұлтжанды ұстаз, намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелеуге  себепші болған ұстаздардың ұстазы –Серік Қажантайұлы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп, хәкім Абай айтпақшы, Серік Қажантайұлы ақ шашын күн сүйіп самайласа да, бір сәтке өзінің мамандығынан, Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес.

Ол «Ең жақсы ұстаз біздің мектебізде, ең жақсы оқушы біздің мектебімізде болуы керек!» деген қағиданы берік ұстанып, әрбір мұғаліммен үлкен  шығармашылық қарым-қатынаста болып, бір қолына  әлемнің барлық ілімі мен білімін, бір қолына оқушының санасы мен жүрегін ұстаған ұстаз деген ұлы мамандықтың туын жықпаған мұғалімдер тәрбиеледі, ең үздік оқушылар тәрбиеленуіне себепкер болған тұлға дер едім.

Көне қытай ойшылдары адамның адамдық қасиетін сыртқы көрінісінен іздейді. Ұлы ойшыл Конфуцийдың пікірінше адам үш түрлі болады: Дана адам – асып таспайды, Жақсы адам – күй талғамайды, Батыл адам – қорықпайды, - дейді. Сонымен қатар қытай жұртының ғұламасы, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан – Цзы: өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды «Аспан адамы», рухани бастауынан бөлінбеген адамды «Қасиетті адам », шындықтан бөлінбеген адамды «Кемел адамға» жатқызған екен. Тағы да осы шығыс ғұламаларының даналық өсиеттерінде: 1. Ештеңе білмейтін, бірақ, ештеңе білмейтінін түсінбеген адам – ақымақ. Оны айналып өт.

2. Ештеңе білмейтін, бірақ, өзінің білмейтінін түсінген адам – шәкірт. Оған ілім үйрет.

3. Барлығын білетін, бірақ, білгенін іске асырмайтын адам – ұйқыдағы жан. Оны оят.

 4. Барлығын білетін, білгенін іске асыратын адам – данышпан. Оны ұстаз тұт ., -деген кемел ойлар айтылады. Ұлы ойшыл Конфуцийдың пікіріндекелтірілген адам түрлерінің ішіндегі білгенін іске асыратын адам тобына жатқызар«Ұстаз – осы үшеуінің ортасындағы дәнекер деген қағиданы бекем ұстап, сүйікті кәсібіне жан-тәнімен берілген, жүрек жылылығын, мерейлі шуағын өзі 20 жылдан аса  басқарған ұжымына дарыта білген Серік Қажантайұлы, міне, бүгін асқаралы 65 жасты алқымдап, білім ,спорт ұрпақ тәрбиесі жолындағы көп жылғы бейнетінің зейне­тін көріп отыр.

36 жыл бойы ұстаздық қызмет етіп,  өзінің анық бағдарын танытып, талапты жастан танымал ұстаз, тәлімгерге  айналған, саналы өмірін  шәкірт  тәрбиелеуге арнаған, талай жылғы қажырлы да қа­йырлы еңбегінің арқасында құр­метке бөленіп жүрген аяулы жан жайлы  айтылар лебіз ерекше.

Тазалықты, тез қимылдағанды  ұнатады, тынымсыз  еңбек үстінде жүреді. Табиғ­атынан намысшыл жан, сабырмен ұжымды басқара жүріп, өзінің   тәжірибесін,  жетістіктерін әріптестеріне, шәкірттеріне, біз секілді жас ұстаздарға үйретіп, бағыт беруде біз үшін тағылымды мектеп болғандай.

Қажантайлының үнемі ұстана­тын қағидалары, өзіне шам­шырақ етіп ұстаған жолы – адалдық, әділдік, шындық пен ұстамдылық. Әріптестеріне қояр талабы: тәрбиені өзіңнен баста, алдарыңдағы оқушыларды, өздеріңнен кіші ұстаздарды да өзіңмен тең санап сыйлас.

Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.Шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан,  еңбекқор, ойы өткір бола білген — ардагер  Ұстаз, сіздің ұстаздық жолыңыздағыұлағатты есіміміз, берген тәлім-тәрбиеңіз, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегіңіз орасан зор екенін айтқымыз келеді.  Міне, осындай үлкен еңбектеріңіздің арқасында сізді мектебіміздің қасиетті тұлғасы екенін мақтанышпен айтамыз Сізді төл мерекеңізбен құттықтап, деніңіз сау бол, бала- шағаңыз аман болсын!- дей келе, өмір дейтін көш керуен жолындағы сапарыңызда бақыт әрдайым серігіңіз болудан  талмасын!

Жанар Жаңбырбаева.

Қызылтаң орта мектебі

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Просмотров: 336


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст